1. Жалпы ережелер
1.1 «Қазақстан ғылымының жаңалықтары» ғылыми-техникалық журналы (бұдан әрі –
Журнал) мерзімді басылымға жазылатын ғылыми басылым болып табылады.
1.2 Журналдың құрылтайшысы және шығарушысы «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҰМҒТСО» АҚ) болып табылады.
1.3 Журнал 1989 жылдан бастап жинақ ретінде жарық көрді, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде тіркелді -№ 1332 - 07.06.1994 ж. Меншік иесінің ауысуына байланысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде, Ақпарат комитетінде журнал ретінде қайта тіркелді – Есепке қою туралы куәлік: 01.08.2006 ж. №7528-Ж, 17.08.2018 ж. №17246-Ж.
1.4 Журнал – ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша өзекті іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша мақалалар жарияланатын рецензияланатын басылым. Басылымға жаңа білім мен технологияларды дамытуда әдістемелік бағыты бар шетелдік авторлардың мақалалары енгізіледі. Шолу сипатындағы мақалалар жарияланады. Редакцияға ұсынылған материалдарды рецензиялау құпиялылықты сақтай отырып (соқыр рецензиялау) жүзеге асырылады және рецензенттің(тердің) аты авторға(ларға) хабарланбайды. Рецензиялау плагиатқа тексерудің лицензиялық жүйесін пайдалана отырып, тіркелген қолжазбаларды плагиатқа қарсы, оның ішінде халықаралық дерекқорлар бойынша тексеруден кейін жүзеге асырылады.
1.5 Басылымның мақсаты – қазақстандық және халықаралық ғылыми-техникалық саланың мақалаларын жариялау, ғылым мен техниканы дамытудың түрлі бағыттарындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы ғалымдардың жетістіктері туралы хабардар ету. Журнал келесі тақырыптық бағыттар бойынша мақалалар жариялайды: Биотехнология және химиялық технологиялар, Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі, Жаратылыстану ғылымдары, Инжиниринг және технологиялар, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар.
1.6 Журнал редакторлардың, рецензенттер мен авторлардың міндеттері мен құқықтарын, сондай-ақ жалған рецензиялауға, авторлар құрамын бұрмалауға, жалған ғылыми мәтіндерді жариялауға, авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға беруге, редакциялық процестердің құпиялылық қағидаттарын бұзуға, материалды дайындау барысында дәйексөз келтірумен, плагиатпен, бұрмалаумен айла-шарғы жасауға байланысты мүдделер қақтығысын, этикаға жатпайтын мінез-құлықты реттеу бойынша шараларды қарастыратын жариялау этикасын сақтайды. Журналдың жариялау этикасының ережелері СОРЕ халықаралық ғылыми жарияланымдар этикасы кодексінің (Committee on Publication Ethics) этикалық қағидаттарын басшылыққа алады және құжатталған.
1.7 Журналды шығару жиілігі – жылына 4 шығарылым және жылына кем дегенде 2 шығарылымнан (екіден: "1-2", "3-4"). Ғылыми зерттеу ұйымдарымен, ғылыми орталықтармен, жоғары оқу орындарымен және басқа да ғылыми ұйымдармен келісім-шарт арқылы олардың ғылыми жетістіктерін көрсететін жеке тақырыптық қосымша шығарылымдар шығарылуы мүмкін.
1.8 Мақалаларды жариялау шарттары: қолжазба Журналдағы жарияланымдарға ұсынылатын мақалаларды рәсімдеу ережелеріне сәйкес болуы керек; автордың жұмысы өзі жұмыс істейтін мекеменің жоспарына сәйкес орындалуы керек; мақала бұған дейін жарияланбауы тиіс немесе басқа басылымдарда жарияланым тұрғысынан қаралмауы керек; баспаға ұсынылған материал өзекті, жаңалығы және практикалық маңыздылығы болуы керек.
1.9 Журнал басылымның шығуына жауапты «ҰМҒТСО» АҚ бөлімшесінде баспа түрінде мұрағатталады. Барлық шығарылымдар электронды түрде редакцияда және журналдың vestnik.nauka.kz сайтында «Мұрағат» бөлімінде сақталады.
1.10 Журналды қалыптастыру және басып шығару Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы, Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасымен, ғылым және ғылыми қызмет саласындағы негізгі нормативтік-құқықтық актілермен, «ҰМҒТСО» АҚ Жарғысымен, сондай-ақ осы Ережемен регламенттеледі.
1.11 Журнал Халықаралық әлемдік мерзімді басылымдар орталығында тіркелген – ISSN-1560-5655.
1.12 Журналдың жазылу индексі – 75776.
1.13 Журнал шығарылымын «ҰМҒТСО» АҚ тиісті бөлімшелері («ҰМҒТСО» АҚ Басқарма төрағасы бұйрығына сәйкес) қамтамасыз етеді.
1.14 Мақалалар орыс, қазақ немесе ағылшын тілдерінде жариялануы мүмкін.
1.15 Журналды қалыптастыру және басып шығару бойынша жалпы басшылықты бас редактор, ал ол болмаған жағдайда бас редактордың орынбасары жүзеге асырады.
1.16 Журнал бөлшек сауда жолымен жазылу бойынша Қазақстан Республикасының почта байланысы бөлімшелері арқылы таратылады және «ҚазҒДИ» қазақстандық дәйексөз қорының ғылыми мақалаларының электрондық ресурстарында орналастырылады. Сондай-ақ, ISSN 1560-5655 жеке кодын бере отырып, электрондық басылым ресми тіркелген жағдайда электрондық нұсқада таратылуы мүмкін.
2. Редакциялық кеңес
2.1 Редакциялық кеңес мүшелерінің жұмысы мен функцияларын ұйымдастыру «ҰМҒТСО» АҚ Басқарма төрағасы бекіткен ғылыми-техникалық журналдың редакциялық кеңесі туралы Ережемен реттеледі.
2.2 Журналдың редакциялық кеңесінің құрамын «ҰМҒТСО» АҚ Басқарма төрағасы бекітеді.
2.3 Журналдың редакциялық кеңесінің құрамына Бас редактор, оның орынбасары, жауапты хатшы және редакциялық кеңестің мүшелері кіреді.
2.4 Редакциялық кеңестің мүшелері Қазақстан Республикасының белгілі ғалымдары, сондай-ақ материалдар жарияланатын ғылым салаларындағы жетекші шетелдік ғалымдар болып табылады.
2.5 Редакциялық кеңестің бекітілген құрамының қызмет ету мерзімі 5 жылды құрайды. Осы мерзім өткеннен кейін, егер Кеңес мүшелерін өзгерту туралы ұсыныстар түспесе, Кеңес құрамы өзгертілуі немесе бұрынғы құрамда қалдырылуы мүмкін. Кеңес мүшелерін өзгерту туралы шешімді «ҰМҒТСО» АҚ Басқарма төрағасы немесе бас редактор қабылдайды. Редакциялық кеңес мүшелерінің отырысы «ҰМҒТСО» АҚ негізінде өткізіледі. Редакциялық кеңестің құрамы туралы шешім көпшілік дауыспен қабылданады.
2.6 Журналдың редакциялық кеңесінің төрағасына «ҰМҒТСО» АҚ Басқарма төрағасының бұйрығымен ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі бар, жарияланатын ғылыми жұмыстардың бейіні бойынша ғылым салаларының біріндегі ғылыми жұмыс тәжірибесі ескерілген үміткер тағайындалады.
2.7 Бас редактор немесе оның орынбасары басылымға журнал нөміріне қол қояды және оны жарыққа шығарады.
3. Мақалаларды қарау, бекіту және қабылдамау тәртібі
3.1 Келіп түскен барлық жұмыстар журналдың арнайы тізіліміне тіркеледі және есепке алынады. Есепті журнал редакторы немесе жауапты хатшы жүргізеді.
3.2 Авторлық мақала және ілеспе құжаттар (рецензия, авторлық келісім-шарт және ілеспе хат) редакцияның электрондық мекен-жайына ҚҒЖ журналының vestnik.nauka.kz сайтынан жіберілуі мүмкін. Құжаттар PDF форматында, мақалалар Word және PDF форматында жіберіледі.
3.3 Қолжазба журналға жариялануға ұсынылатын мақалаларды рәсімдеу ережелеріне сәйкес болуы керек. Қолжазбаға жұмыс жасалған ұйымның берілген материалды ашық баспада жариялауға болатыны және автордың жұмысы мекеменің жоспарына сәйкес орындалғаны көрсетілген хаты баспа және/немесе электрондық нұсқада қоса беріледі. Онда мақаланың бұрын жарияланбағаны және басқа басылымдарда жарияланым тұрғысынан қаралмағаны; өзектілігі, жаңалығы және практикалық маңыздылығы қысқаша сипатталуы керек. Мақалаға ұсынылған 2 рецензенттің, осы саладағы ғалым-мамандардың координаттары көрсетілуі тиіс; 3 тілде (орыс, қазақ, ағылшын) аннотация және түйінді сөздер қоса берілуге тиіс.
3.4 Бас редактор, редактор немесе редакциялық кеңестің өкілдері мақұлдаған қолжазбалар плагиатқа тексерудің лицензиялық жүйесін пайдалана отырып, плагиатқа қарсы, оның ішінде халықаралық дерекқорлар бойынша тексеруден өтеді. Плагиаттың жоқтығын растағаннан кейін редакция мақаланы рецензиялауға беру құқығын алады.
3.5 Рецензенттер PhD, ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі бар және ғылым мен техниканың тиісті салаларында жоғары кәсіби білімі бар Қазақстан Республикасының мамандары болып табылады. Әр елдің ғалымдары да рецензент бола алады.
3.6 Редакциялық кеңестің мүшелері, сондай-ақ авторлардың ғылыми жетекшілері болып табылатын немесе автормен(лармен) бірлескен жарияланымдары бар ғалымдар рецензент бола алмайды.
3.7 Егер мақалаға жасалған рецензияда оны пысықтау қажеттігі көрсетілсе, онда жауапты редактор немесе жауапты хатшы тиісті қорытындыны қоса бере отырып, оны авторға жібереді.
3.8 Мақала қандай да бір параметрлер – плагиатқа қарсы тексеруден кейін немесе рецензенттің қорытындысы бойынша қабылданбаған жағдайда байланыстың кез келген түрі арқылы автордың атына бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Автор мақалаға өзгерістерін нөмірді беттемей тұрғанда енгізе алады. Ондай жағдайда автордан өзгерістер енгізу туралы өтініш хат қажет. Хат еркін түрде жазылады және автор қол қояды, редакцияға электронды түрде жіберіледі және автордың электрондық папкасында сақталады. Хат қолжазбаның жұмыс нұсқасына өзгерістер енгізуге негіз болып табылады.
4. Журнал шығарылымы
4.1 «ҰМҒТСО» АҚ-да журналды қалыптастыратын құрылымдық бөлімше әрбір тоқсанның аяғынан (наурыз, маусым, қыркүйек, желтоқсан) немесе жартыжылдықтан (маусым-желтоқсан) кешіктірмей тиісті полиграфиялық деңгейде журналдың уақтылы басылуын қамтамасыз етеді.
4.2 Басылымды дайындау технологиясы келесі кезеңдерді қамтиды:
- келіп түскен қолжазбаларды жинау және тіркеу;
- «Қазақстан ғылымының жаңалықтары» ғылыми-техникалық журналының (ҚҒЖ) деректер тізіліміне келіп түскен қолжазбаларды тіркеу;
- бас редактордың немесе редакциялық алқа мүшелерінің қолжазбаның Журнал талаптарына сәйкестігін қарауы;
- мақұлданған қолжазбаларды плагиатқа қарсы тексеру;
- плагиатқа қарсы тексерілген мақалаларды ұсынылған мақала тақырыбы бойынша тиісті білім саласындағы сыртқы рецензенттерге беру;
- рецензент қорытындысының нәтижелерін авторларға жеткізу;
- сараптамалық қорытындылардың нәтижелерін журналдың авторлық мұрағатына енгізу;
- қолжазбаларды өңдеу және жариялауға дайындау;
- 3 (үш) тілде (орыс, қазақ, ағылшын) тақырыптық бөлімдер бойынша журнал мазмұнын қалыптастыру;
- мақалалардың, аннотациялардың және журнал мазмұнының мәтіндерін мемлекеттік және ағылшын тілдерінің редакторларына электронды түрде тексеруге беру;
- журнал сайтында мақалалардың тақырыптарын, олардың авторларын, аннотацияларды, түйінді сөздер мен авторлар туралы мәліметтерді үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын), сондай-ақ PDF форматындағы әрбір мақаланы және журналдың әрбір шығарылымын орналастыру;
- Әр мақалаға DOI кодын тағайындау;
4.3 Авторға(ларға) жарияланған мақаласымен журналдың бір нөмірі автор алдын ала хабарлап, журналға ақы төленгеннен кейін ғана берілуі мүмкін. Бір шығарылымның құны «ҰМҒТСО» АҚ бекітілген прайсына сәйкес айқындалады.
5. Анықтамалық-іздестіру аппараты
5.1 7.23-96 ГОСТ-на сәйкес Журналдың анықтамалық-іздестіру аппараты мазмұны мен алғысөзді қамтиды.
5.2 Журналдың мазмұны олардың авторлары мен бірінші беттің нөмірлері көрсетілген ғылыми мақалалар атауларының тізбесін қамтитын тақырыптық бөлімдерден (ғылым немесе экономика салаларынан) тұрады. Анықтамалық және жарнамалық сипаттағы ақпараттық материалдар үшін тек беттер ғана көрсетіледі. Журналдың мазмұны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген. Мазмұнның орналасатын жері – басылымның басында. Мақаланың атауынан кейінгі әрбір тіл бөлімінде жақшада жариялау тілі көрсетіледі.
5.3 Алғы сөзде журналдың міндеттері мен сипаты, оқырман міндеті, шығару тәртібі – кезеңділігі, нөмірленуі, тақырыптық бағыты туралы хабарланады. Алғы сөз журналдың әр санында беріледі.
5.4 Әр нөмірдің соңында мақала жазу үлгісі беріледі.
5.5 Қосымша мәліметтер:
5.5.1 Қосымша мәліметтер анықтамалық және жарнамалық сипаттағы ақпараттық материалдарды қамтиды:
- «ҰМҒТСО» АҚ басылымдары мен қызметтерін, сондай-ақ басқа да ғылыми мекемелердің технологиялары мен қызметтерін жарнамалау;
- жаңа әзірлемелер туралы мәліметтер, патенттердің сипаттамасы, қорғалған диссертациялардың аннотациялары, жоспарланған немесе өткізілген ғылыми-техникалық конференциялар, симпозиумдар мен кеңестер, ғылым және техника саласындағы сыйақылар туралы хабарламалар, ғылыми ізденістер, жетістіктер және республикалық немесе әлемдік маңызы бар жаңалықтар туралы ақпараттық материалдар;
5.5.2 Жылдың соңғы санында жұмысқа қатысқан рецензенттердің тізімі келтіріледі немесе журналдың сайтында орналастырылады;
5.5.3 Бір анықтамалық немесе жарнамалық материалдың орташа көлемі – 3000 таңбадан аспайды. Орналасатын жері – бос беттерде, басылымның соңында, мұқабаның соңғы бетінде;
5.5.4 Бөгде ұйымдардың жарнамалық материалын орналастыру құнын «ҰМҒТСО» АҚ бейінді құрылымдық бөлімшесі белгілейді.
5.6 Шығыс мәліметтері:
5.6.1 Журналдағы шығыс мәліметтерінің негізгі элементтері ГОСТ 7.4-95 бойынша анықталады;
5.6.2 Шығыс мәліметтері мыналарды қамтиды:
- Орыс тіліндегі басылымның атауы – научно-технический журнал «Новости науки Казахстана». Қысқаша – ННК;
- Қазақ тіліндегі басылымның атауы – «Қазақстан ғылымының жаңалығы» ғылыми-техникалық журналы. Қысқаша – ҚҒЖ;
- Тақырып алдындағы деректер – журнал шығаратын ұйымның атауы: қазақ тілінде «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы», орыс тілінде «Национальный центр государственной научно-технической экспертизы»;
- ISSN халықаралық сериялық басылымының нөмірі 1560-5655;
- Тақырып алдындағы деректер – «ғылыми-техникалық журнал», «научно-технический журнал»;
- Шығарылым нөмірі (ағымдағы жылы кезекті және жақшада журнал басылымының басынан бастап өтпелі нөмірлеу бойынша жалпы). Шығарылымның орны мен жылы шығыс деректерінің міндетті элементтері болып табылады;
5.6.3 Журналдың мұқабасы оның белгіленген брендіне – «Жер шары» және негізгі шығыс деректеріне нұқсан келтірмей, қосымша рәсімделуі мүмкін.
6. Баспаның рәсімделуі және таралымы
6.1 Баспа және полиграфиялық орындау – МЕМСТ 7.4-95 бойынша. Басылым форматы – 60x84/16.
6.2 Басылымның таралымы:
- бақылау таралымын;
- міндетті таралымды;
- жазылу каталогтары бойынша таратуды;
- автордың алдын ала өтінімі және төлемі бойынша авторлық даналарды қамтиды.
7. Журналды қайта ұйымдастыру немесе басуды тоқтату тәртібі
7.1 Журналды қайта ұйымдастыруға, атауын өзгертуге, бейінін өзгертуге, мерзімділігін өзгертуге немесе шығаруды тоқтатуға байланысты мәселелерді бас редактормен келісе отырып, «ҰМҒТСО» АҚ Басқарма төрағасы шешеді және қабылдайды және екі тарап қол қойған хаттамамен бекітіледі.